31 мая - День памяти жертв политических репрессий и голода.

26-05-2020

31 мая - День памяти жертв политических репрессий и голода.

Дүниеде барлық адам, барлық халық тәуелсiздiк пен бостандықты, теңдiктi аңсайтыны анық. Сол жолдағы тынымсыз күрес әлемнің кей түкпірінде әлi де жалғасып жатыр. Тәуелсiздiк ұғымының терең астарын тарих қойнауынан, ата-бабамыздың өткенiнен, оның санғасырлық арманынан iздегенiмiз абзал. «Өткенді білмей, болашақты болжай алмаймыз»,- деген сөз бар. Бұл тек кейінге қарайлап, алға жылжып, дамымай қалу деген сөз емес. Өткен тарихымыздағы, іс-әрекетіміздегі қателіктердің қайталануына жол бермеу. Қателіктерімізден сабақ алу.

Халқымыздың осы күнге дейін басынан кешірген қиыншылықтары аз емес. Солардың бірі КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталуы. Яғни қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды. Еріксіз жер аудару, көшу үрдісі белең алды.

Көптеген қазақтар бас сауғалап, елін-жерін тастап жер аударуға мәжбүр болды. Тарихи деректерге сүйенсек Қазақстанға депортациялау жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударған екен. Нәтижесінде қазақ жерінде көптеген лагерьлер пайда болды. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.

Тәуелсіздікке ие болған Қазақстанға тарихын қайтадан зерттеп, зерделеп, нақақтан құрбан болғандарды анықтау, ақтау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі туды. Бүгінгі таңда жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары елімізде тоқтаған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы.

14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы Қарлаг орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы ашылғанын атап өтіп, жазықсыз сотталғандарды ақтау жұмысы жалғасатынын айтты.

Қазақ тарихындағы қуғын-сүргін деген кезде ойға келетін екенші нәубет-ашаршылық. «Аш бала - тоқ баламен ойнамайды», -деген сөзді бала кезімде апамнан жиі естуші едім. Бұл сөзді тура мағынада да, ауыспалы мағынада да түсінуге болады екен. Тура мағынада ол - ашаршылық. Бұл сөз біздің халқымыздың естен кетпес қиямет кезін елестетеді. Себебі тарихымызда қазақ даласында «Ашаршылық» екі рет қайталанды. Бірінші 1921-1922 жылдары. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес Одағының халқын тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдары ұзаққа созылған қарсыз қыс - жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында құрғақшылықтан егін шықпай қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Салдарынан Қазақстанның көпшілік ауданы ашаршылық құрсауында қалды. Кейбір деректерге сәйкес, 1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1922 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда ашаршылық ушығып кетті. ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады.

Ал 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-і - қазақтар, 31,2%-і - орыстар, 14,4%-і - украиндар. Екінші 1932-1933 жылдардағы ашаршылық. Тарихи деректерге сәйкес, 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласында (Астанада) «Ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» атты монументінің салтанатты ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екенін атап өткен болатын. «Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі – қазақ еді», - дейді Елбасы Н. Назарбаев.

Болашақта Тәуелсіз Қазақтанның тарихын жасайтын тұлғалар: Сіздер мен біздер. Әркез, өткеннен сабақ ала отырып, мемлекет мүддесіне қызмет ету жолында, қателікке бой алдырмауымыз қажет. Еліміз әлемдік өркениетті елдермен қатар дамыған мемлекет болуға лайық. Ол үшін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға міндетті деп санаймын.