«Қазақстан халқының мәдени мұрасы» атты этнофестиваль

25-11-2019

«Қазақстан халқының мәдени мұрасы» атты этнофестиваль

 

Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін көпұлтты Қазақстанның мәдени мұрасы бай екені мәлім. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу мақсатында «Қазақстан халқының мәдени мұрасы» атты этнофестиваль өткізді.
Этнофестивальде қалалық, аудандық Достық үйлерінің ұжымдары, этномәдени бірлестіктер, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Жиналғандар назарына әр ұлт өкілінің дәстүрі мен мәдениетінен көрініс табатын қойылымдар қойылды. Әуезді ән құлақ құрышын қандырса, мың буралған бишілер көремендердің ыстық ықыласына бөленді. Аймақ басшысының орынбасары Әсем Нүсіпова барлық өнер көрсеткен өнерпаздарды және жыл көлемінде жемісті жұмыс нәтижесін көрсеткен ұжымдарды марапаттады.
Облыстың талантты қолөнершілерінің басын қосқан көрме болса, іс-шараға жиналғандардың көзайымына айналды. Сәндік-қолданбалы бұйымдардан бастап, ұлттық киімдер мен құрақ-көрпелер, кілемге дейін ұсынылды. Ал этномәдени бірлестіктер ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайды. Алуан түрлі тағамдардан дәм татып, әр ұлттың асханалық ерекшелігін көруге болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған этнофетиваль ұлттар мен ұлыстардың өзара ынтымақта өмір сүруіне ықпал етеді. Аталған шара жас ұрпақ бойына патриоттық рухты тәрбиелеп, мәдени мұрамызды құрметтеуге баулыйтыны сөзсіз.