Еңбек - қуаныш, жалқаулық – арылмас азап

22-05-2020

Еңбек - қуаныш, жалқаулық – арылмас азап

 

«Еңбек - қуаныш, жалқаулық – арылмас азап»
Абай Құнанбаев

Жасы 80-нің сеңгіріне шығып, ақсақал жасына келген қарияның бірі – Ерболат Садуақасов. Зейнетте отырып, уақытын тиімді пайдаланып жүрген атамыз Шығыс Қазақстан ақсақалдар кеңесінің үйлестіруші және хатшысы, «Атамұра» ансамблінің тұрақты жетекшісі болғанына биыл 10 жыл толып отыр.

Облыстық, қалалық мерекелік іс-шараларға белсене қатысып, жастарға ақыл-кеңісін, тәлім-тәрбие беріп жүрген беделді азаматтардың бірі. Өз жасына қарамастан, ауласының көркеюіне үлес қосып жүрген Ерболат атамыз 10 жылдан бері тұрғындардың көңілінен шығып, өз ортасында Ерболат ұста болып танылған. Еліміздегі орын алған карантин кезінде уақытты бос өткізбей, аула алдын көріктендіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Ағаш, гүл отырғызу, әр-түрлі жабдықтардан жан-жануарлар бейнесін жасау сияқты жұмыстардың қиынға соққанын айтады. Дегенмен де, өз жұмысынан тек ләззат алатын Ерболат ата осымен тоқтап қалмақ емес.


- Алғашқы уақытта аула тұрғындары қарсылық көрсетіп, мені түсінбеген. Бұл тірлікті не үшін жасап жүрсіз, бұдан келер қандай пайда бар деп сұрағандар да аз болған жоқ. Уақыт өте келе, ағаштарды отырғызып, гүлдерді суарғаннан кейін бұл жұмысымды бағалаушылар көбейе бастады. Қазіргі уақытта тек жақсы тілектер мен мақтау сөздерін естіп жүрмін. Өз дегенімнен қайтпаймын, бұл жұмысты да толық бітіремін, - дейді қария. Сол жердің мәдениетті түрде қоршалып, қазіргіден де әдемі болған күйін көргісі келеді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ақсақал атамыз, жастар да өзінен үлгі алып, қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосса екен дейді. "Қаланы көркейту- әр тұрғынның қолында",- екенін ұмытпайық!