Мен қазақша сөйлеймін акциясы

02-11-2018

Мен қазақша сөйлеймін акциясы

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2018 жылғы 29 қазаннан бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде «Мен қазақша сөйлеймін» атты жалпы республикалық акция басталды.

Осыған орай, ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылғы 31 қазан күні Бородулиха ауданының орталығында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты облыстық кешенді іс-шаралар  өтті. Шараның мақсаты – орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту. Шараға облыстың қалалары мен аудандарындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары, этномәдени бірлестік, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Акция аясында бірнеше шаралар өтті. Акцияның салтанатты ашылуында кіріспе сөз ШҚО бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиевке берілді. Құттықтау сөзден кейін, алғашқы шара қалалық мәдениет үйінде «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» атты ток-шоумен басталды. Аталмыш шараға облыстың қалалары мен аудандарындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысты. Артынша мемлекеттік органдарда қызмет істейтін тыңдаушылар мен жастарға арналған «Ана тілі – жүрек үні» атты әнмен өрілген сабақ өтті. Осыдан кейін акцияға қатысушылар аудандық кітапханаға барып, «Мен қазақша сөйлеймін» атты байқауға қатысты. Бұл шарада жастар 3 кезең бойынша білімдерін сынап, тапсырмалар орындап, қазақ тілін қаншылықты жетік меңгергендерін көрсетті. Жалпы республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы аясында өткен кешенді іс-шаралар аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Жабылу салтанатында ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы іс-шараларға қатысқан өзге ұлт өкілдерін алғысхаттармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Акция концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы