Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

27-09-2018

Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

27 қыркүйекте Шығыс Қазақстан Өнер Мұражайында публицист Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған «Алтайдай асқақ Оралхан» атты еске алу кеші өтті. Бұл шараға журналист-жазушылар, О. Бөкейдің ұстазы, қоғам қайраткерлері, Достық үйінің өкілдері және оқушылар қатысты.  Жиналғандарға жазушы жерлесіміз туралы қысқаметражді фильм көрсетілді, театрландырылған көрініс ұсынылды және О. Бөкейдің туындыларынан үзінділер оқылды. Сонымен қатар, музыкалық номерлер қойылды. Оралхан Бөкей – публицистика, поэзия, проза жанрларын әдемі тоғыстырған қазақ әдебиетінің жаңашыл дара жазушысы. Әр әңгімесінің түбінде бір астарлы ой бұғып жататындықтан оны бірден түсіну қиын.Ол шығармаларында реалистік, романтикалық, мифтік желіні қолдану арқылы оқырманын таңғалдыра алды. Жазушы өз ортасының шындығын, туып-өскен жерінің тамаша суретін, қарапайым халқының тұрмыс-тіршілігін керемет бейнелеп жазған. Жалпы, адамды ардақтау, адам психологиясын терең зерттеу – Оралхан Бөкей шығармаларының негізгі тақырыбы десе де болады. Кештің басты мақсаты жазушы өмірінің жаңа қырларын ашу, оның қайталанбас шығармашылығын жаңа деммен қайта жаңғырту болып табылды.