Жаңа жылда - игі іс!

25-03-2021

Жаңа жылда - игі іс!

Жаңа жылды қайырымдылық акциясы түрінде игі іспен қарсы алды. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері уақыттарын босқа өткізбей, демалыс күндері «Наурыз қоржыны» акциясына қатысты. Қайырымдылық акцияны «Зекет» қоғамдық қоры «Тайқазан 30 игі іс» акциясы аясында ұйымдастырды.

- Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай біз осы акцияны ұйымдастырдық. Бүгінде Өскемен қаласының барлық еріктілері аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын таратуға көмектеседі. Осы игі іске атсалысқан барлық еріктілерге рахмет, - деді ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің іс басқарушысы және «Зекет» қайырымдылық қорының жауапты өкілі Қадырұлы Берік.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін құрамына ұн, күнбағыс майы, қант, күріш және т.б. түріндегі ең қажетті өнімдер кіретін 30 азық-түлік жиынтығын дайындады.

- Бізді әрдайым есте сақтап, отбасымызды қолдайтындарыңыз үшін көп рахмет! Мереке құрметіне осындай сыйлықтар сыйлау өте керемет болды, - деп қала тұрғыны өз эмоцияларымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызда республика бойынша «30 игі іс» марафоны іске қосылды. Шығыс Қазақстанда «Тайқазан 30 игі іс» өз жұмысын бастап кетті, және біздің қазан тағы да игі іспен толықтырылды деп мақтанышпен айта аламыз.